Көктем-жаз 2025 маусымының сән трендтері
2025 жылдың көктемі мен жазы кезеңінде сәнді әрі ыңғайлы киіну үшін нені білу керек? Central Asia Fashion Spring-2025 халықаралық сән көрмесінде маусымның негізгі трендтері ұсынылды
Алайда тек трендтерге сүйену — бұл үлкен әрі қызықты жолдың бір ғана бөлігі. Халықаралық тәжірибесі бар имидж-стилист, Концептуалды стилистика мектебінің тренері және «Style Session» имидж-стилистер қауымдастығының негізін қалаушысы Мади Бекдаирдің пікірінше, қандай да бір трендтерге ермес бұрын алдымен өзіңізбен танысып, жеке даралығыңызды зерттеу маңызды: «Трендтер туралы оқып, оларды бірден «өзіңе киіп көру» — ең жақсы шешім емес. Бұл — «сұр массаға» айналудың тура жолы. Өкінішке қарай, халықтың 90%-дан астамы өзінің психотипін, архетипін, дене бітімі типін, бет пішінін, сырт келбетінің колоритін білмейді. Ал бұл – өте маңызды факторлар. Сондықтан ең алдымен: сен кімсің? — деген сұраққа жауап беру керек. Көбірек табыс тапқысы келетін кәсіби сарапшы ма? Жұбай және әке ме? Жұбай және ана ма? Тұрмысқа шыққысы келетін бойжеткен немесе шығармашылық мамандықтағы креативті ер адам ба? Әлде байсалды мемлекеттік қызметші ме? Осындай негізгі сұрақтарға жауап бере отырып, адамның келбеттік бейнесінің іргетасы қаланады».
Central Asia Fashion Spring-2025 халықаралық сән көрмесінің бизнес-бағдарламасы аясында «Asian Global Cup-2024» халықаралық чемпионатының «Fashion Show» (әйелдер топтамасы) номинациясы бойынша жеңімпазы, Азия стилистері қауымдастығы «Style Session» резиденті Юлия Ставицкая маусымның негізгі трендтері туралы кеңінен айтып берді.
Бұл: Көпқабаттылық - гардеробтағы екі немесе одан да көп бұйымды бірінің үстінен бірі кию, бұл ретте әрбір киімнің кем дегенде бір бөлігі сырт көзге көрініп тұруы тиіс. Ашықтық. Ашық киім сәл көбірек тері көрсетуге мүмкіндік береді, бірақ сонымен қатар әдемілік пен талғамды сақтайды. Органза, шифон, тор немесе тіпті пластик сияқты кристалдай таза материалдар жеңілдік әсерін қалыптастыру үшін қолданылады. Power dressing (сөзбе-сөз— «күш киімі»). Өзіндік сенімділік, бедел және кәсібиліктің символы. Бұл стиль 1980-жылдары пайда болған және бизнес әлемінде өз орнын алуға ұмтылған әйелдерге арналған еді. Бүгінде, арада бірнеше онжылдық өтсе де, power dressing өзектілігін жоғалтқан жоқ және қазіргі заманның шынайылығына бейімделіп, жаңа деңгейге көтерілді Бахрома. Қазіргі таңда ең өзекті трендтердің бірі, бохо стилімен қатар тұр. Бахромамен безендірілген сөмкелер, сырт киімдер, көйлектер, блузкалар мен топтар ерекше танымал болуда. Екі сөмке қатар. Құжаттар мен кілттерге арналған шағын клатчты көлемді сөмкемен бірге алып жүру — бірнеше маусымнан бері дизайнерлер ұсынатын тренд
Трендті түстер
Қызғылт кварц – нәзік, романтикалық әрі сәл ағарыңқы реңктегі қызғылт түс; Лимонды крем - ашық сары түстің жұмсақ, нәзік нұсқасы, лимонды кремді еске салады; Жалбыз джелато – пастельді реңктегі нағыз көктемгі көңіл-күйді бейнелейтін түс.
Ерлер үшін
Жапсырма қалталы іскерлік күртешелер мен қысқа шалбар, алыстан дулығаларды еске түсіретін панамалар және барынша табиғи, жер түстес реңктер өзекті. Яғни, классикалық safari suit өзінің түпнұсқалық бейнесінде.
Трендте — ультрақысқа ерлер шалбары. Дизайнерлер тізені ғана емес, жамбастың көп бөлігін де ашуға батыл болуға кеңес береді. Ең басты шарт — тығыз материал: костюмдік, вельвет немесе былғары. Бұндай образды шағын мессенджер-сөмкелер толықтырады.
Бұл іскерлік және күнделікті стильге сай келетін, кеңсе үшін де, серуендеу үшін де қолайлы ықшам әрі ыңғайлы модель.




